Жаңа Конституция – қоғам дамуының кепілі

Жаңа Конституция – қоғам дамуының кепілі

Бурыл ауылындағы №6 орта мектебінің ұжымымен еліміздің ертеңін айқындайтын Конституциялық реформа бойынша кездесу өтті. Жиын барысында жаңа Ата Заң жобасының мәні, саяси жаңғыру үдерістері және азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын негізгі темірқазық екендігіне баса назар аударылды. Бұл құжат мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы саясатын қалыптастыратын басты құқықтық негіз болмақ.
Мектеп ұжымы кездесу барысында өз ой-пікірлерін ашық ортаға салды. Педагогтар қауымы жаңа Ата Заңның ел болашағы, соның ішінде білім беру саласы мен жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Конституциялық өзгерістер – бұл тек заңдық процесс емес, бұл әрбір азаматтың өміріне оң әсер ететін үлкен бетбұрыс. №6 мектеп ұжымы бұл бастаманың мемлекетімізді жаңа деңгейге көтеретініне сенімді», – делінді жиынға қатысушылар.
Бурыл ауылында өткен бұл кездесу халықтың саяси белсенділігі мен ел тағдырына деген жауапкершілігін көрсетті. Жаңа Конституция – әділетті қоғам мен қуатты мемлекет құру жолындағы батыл қадам.