
Еліміздегі конституциялық реформа аясында Байзақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ұжымымен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттары, әсіресе денсаулық сақтау саласына қатысты енгізілген тарихи өзгерістер кеңінен таныстырылды.
Кездесуде ерекше атап өтілгендей, жаңа Конституция жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне мемлекеттік деңгейде баса назар аударылған. Реформаның ең маңызды жаңашылдығы – Ата Заңның 30-шы бабында мемлекеттің медициналық қызмет сапасын қамтамасыз етуге тікелей міндетті екендігінің нақты жазылуы.
Мемлекет ауруханалар мен амбулаторияларды заманауи жабдықтармен қамтуға, емдеу мекемелерін халықаралық стандарттарға сай жаңартуға басымдық береді.
Сапалы және тиімді дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болады.
Амбулатория ұжымымен болған сұхбат барысында дәрігерлерді сапалы даярлау және олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселелері де сөз болды. Жаңа Ата Заң рухы медицина мамандарының біліктілігін арттыруға және олардың лайықты еңбек етуіне жағдай жасауды көздейді.
"Ата Заңдағы өзгерістер – бұл біздің жұмысымызға берілген үлкен жауапкершілік әрі қолдау. Мемлекеттің медицина сапасына кепілдік беруі ауылдық жерлердегі алғашқы көмек көрсету деңгейін жаңа сатыға көтеруге серпін береді", – деді жиынға қатысушы ақ халатты абзал жандар.
Бұл өзгерістер "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын іс жүзінде асырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Байзақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясында өткен кездесу медицина қызметкерлерінің елдегі саяси жаңғыруға деген қолдауын көрсетті. Жаңа Конституция – дені сау ұлт пен қуатты мемлекет құрудың басты кепілі.