
Еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам – Конституциялық реформа аясында Байзақ ауылындағы №4 мектеп-лицейінің ұжымымен тағылымды кездесу өтті. Жиын барысында жаңа Ата Заң жобасына енгізілген заман талабына сай өзгерістер кеңінен түсіндірілді.
Кездесуде атап өтілгендей, жаңартылған Конституция жобасы тек саяси құрылымды ғана емес, қоғамның даму бағытын айқындайтын іргелі ұғымдармен толыққан. Атап айтқанда, Заң мен тәртіп, ғылым, техника мен инновация, экологиялық және мәдени даму секілді стратегиялық бағыттар Ата Заң деңгейінде бекітілмек.
"Біз заңға бағынған, тәртіп үстемдік еткен қоғамда ғана лайықты еңбек етіп, сапалы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Бұл қағидат әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілігін арттырып, әділетті қоғам құруға жол ашады", – деді жиынға қатысушылар.
Білім беру саласының мамандары үшін Ата Заңда ғылым мен техникаға басымдық берілуі үлкен қуаныш. Ғылымды меңгеру мен жаңа технологияларды енгізу мемлекеттік деңгейдегі басымдыққа айналады.Қоршаған ортаны қорғау бойынша арнайы тармақтардың енгізілуі туған өлкеге, табиғатқа деген құрметті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға негіз болады.
Жиынды қорытындылай келе, қатысушылар бұл саяси науқанның басты мақсаты – халықтың игілігі мен еліміздің жарқын болашағы екенін баса айтты.
Жаңа Ата Заң жобасы – бұл өзгерістер кезеңіне жасалған батыл қадам.