
Мырзатай ауылдық округінің мәдениет үйінде Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған ауқымды жиын өтті. Кездесу барысында Ата заңға енгізілетін өзгерістердің адам құқығын қорғау мен әлеуметтік қолдаудағы маңызы жан-жақты талқыланды.
Жиынның басты тақырыптарының бірі отбасы институтын нығайту мәселесі болды. Жаңа Конституция жобасында ер мен әйелдің құқықтық теңдігіне және некені міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге алу нормаларына ерекше назар аударылған. Бұл қадам отбасы мүшелерінің құқықтық қорғалуын күшейтіп, қоғамның ең маңызды буынының мәртебесін асқақтата түспек.
Мемлекет тарапынан білімге ұмтылған жастарды қолдау тетіктері де конституциялық деңгейде бекітілмек.
Қазіргі ақпараттық заманда жеке деректердің құпиялылығын сақтау мәселесі де Ата заң деңгейінде айқындалып отыр. Бұл әрбір азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауын және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін заң жүзінде қорғауды қамтамасыз етеді.
Жиын соңында Мырзатай ауылының тұрғындары алдағы саяси науқанның маңыздылығын бір ауыздан қолдады. 15 наурызда өтетін республикалық референдум — бұл тек заңды өзгерту емес, бұл — ел болашағына жасалған үлкен қадам.
Кездесуге қатысушылар әрбір азаматты бұл тарихи сәтке жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын жасайтындарын айтты.