Жаңа Конституция — әділ қоғам кепілі

Жаңа Конституция — әділ қоғам кепілі

Мырзатай орта мектебінде білім беру саласының қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында жаңартылған Ата заң жобасы талқыланып, құжаттың елімізді демократиялық және әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көтерудегі маңызы сөз болды.
Бұл реформаның басты ерекшеліктерінің бірі – Конституция тарихында алғаш рет білім мен ғылымға қатысты арнайы норманың енгізілуі. Ұстаздар қауымы бұл жаңашылдықты мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау әрі кәсіби жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам деп бағалады.
«Ата заңда білім мен ғылымның рөлі айқындалуы – біз үшін, ұстаздар мен ғалымдар үшін үлкен кепілдік. Бұл еліміздің интеллектуалды ұлт қалыптастыруға деген нық қадамын көрсетеді», – дейді Мырзатай орта мектебінің ұстаздары.
Кездесуде Қазақстанның бүгінгі таңдағы даму қарқыны мен халықаралық деңгейдегі беделі де айтылды. Алпауыт мемлекеттермен иық тірестіретін жағдайға жеткен еліміз үшін Ата заңның жаңартылған редакциясы – заман талабы. Мұнда мемлекеттің іргелі бағыттарын айқындайтын мызғымас қағидаттар мен құндылықтар нақты белгіленген.
Өзара пікір алмасу форматында өткен шарада оқу ордасының ұжымы жаңа Конституция жобасында көтерілген бастамаларды бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Педагогтар бұл құжаттың әділ қоғам қалыптастыруға бағытталған тарихи маңызы бар қадам екенін атап өтті.
Жиын соңында мектеп ұжымы ел болашағына бейжай қарамай, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.