
Жамбыл облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері А.Нұралиев, А.Райқұлов, Ф.Жүнісова, Ж.Аббосов аудандық коалиция мүшелерімен бірге Байзақ ауданындағы «JS CLASS» шыны өңдеу зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, ашық пікір алмасу алаңын ұйымдастырды.
Кездесу барысында Конституцияның мемлекет өміріндегі айрықша рөлі, оның ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжат екені жан-жақты түсіндірілді. Негізгі Заң – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың тірегі екені атап өтілді.
Өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар ел дамуына өз үлесін қосып отырған жауапты буын ретінде, конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет екені айтылды. Пікір алмасу барысында еңбек адамдарының ой-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
Коалиция мүшелері алдағы референдум – ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды саяси қадам екенін жеткізіп, барша ұжымды белсенді қатысуға шақырды.