Орта доптан аймақтық турнир өтті

Орта доптан аймақтық турнир өтті

Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте ауыл әкімі кубогіне арналған орта доптан аймақтық турнир ұйымдастырылды. «Шынықсаң шымыр боласың» ұранымен өткен спорттық шара ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.

Турнирге үш команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар ептілік пен шапшаңдықтарын, командалық бірліктерін танытып, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.

Шараның ашылу салтанатында ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бекмағанбетов Қалмахан сөз сөйлеп, жастарды спортпен тұрақты айналысуға шақырды. Ол өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту – ауыл жастарының денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шара барысында ауыл қариялары мемлекеттің даму жолындағы жаңа белестерге тоқталып, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің тарихи мәнін атап өтті. Ардагерлердің пайымынша, жаңарған Конституция — тек құқықтық құжат қана емес, бұл қоғамдағы әділдік пен теңдіктің кепілі.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткен командалар марапатталып, жеңімпаздарға ауыл әкімі кубогі табысталды.