Жаңа Конституция – білім мен ғылымның кепілі

Жаңа Конституция – білім мен ғылымның кепілі

Байзақ ауданындағы Киікбаев атындағы мектепте ұстаздар ұжымы мен білім саласының өкілдеріне арналған келелі жиын өтті. Кездесудің басты тақырыбы — жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру және реформаның білім беру жүйесіне тигізер оң әсерін талқылау.
Жиын барысында сарапшылар жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым саласына ерекше мән берілгенін атап өтті. Бұл өзгерістер тек құқықтық құжат емес, елдің зияткерлік әлеуетін жаңа белеске көтеретін стратегиялық қадам ретінде бағалануда.
«Жаңа Ата Заң — бұл болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, еркін дамуына жол ашатын берік іргетас. Сондықтан білім саласының қызметкерлері бұл реформаны үлкен үмітпен қолдайды», – деп атап өтті мектеп ұжымы.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, мұғалімдер қауымы реформаның мән-жайын жан-жақты талқылады. Киікбаев мектебінің ұстаздары алдағы республикалық референдумға біркісідей қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді. Олардың пікірінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтық санасын өсіріп, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа сенім деңгейін қалыптастырмақ.
Мектеп қабырғасында өткен бұл шара ұстаздардың саяси белсенділігін көрсетіп қана қоймай, жаңа Қазақстанның құрылуына білім беру саласының қосар үлесі зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.