
Елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша 15 наурыз күні республикалық референдум өткізу жоспарланған. Референдум – ел тағдырын айқындайтын маңызды саяси қадам.
Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді, Парламенттің рөлін күшейтуді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нақтылауды көздейді. Конституциялық реформа аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту және қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері қарастырылған.
Осыған орай «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция мүшесі Гүлдара Алданышқызы бастаған топ Мырзатай ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мәні мен мақсаты жан-жақты түсіндірілді.
Гүлдара Алданышқызы өз сөзінде, Ата заңымыз заман талабына сай және жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып әзірленгенін, бұл еліміздің дамуына және мүддесін қорғауға мүмкіндік беретінін айтты. Әрбір қазақстандық референдумға қатысу арқылы өз азаматтық ұстанымын білдіріп, әділетті, ашық әрі заманауи мемлекеттің дамуына үлес қосуға тиіс екенін жеткізді.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Онда азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік билік құрылымы мен оның жұмыс істеу қағидаттары айқындалған. Сондай-ақ референдум арқылы халықтың тікелей шешім қабылдау мүмкіндігі демократиялық үдерістің маңызды көрінісі.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Коалиция мүшесі қойылған сұрақтарға қолданыстағы Конституция нормалары мен ұсынылып отырған өзгерістер аясында жауап берді.
Жиын соңында тұрғындар алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтіп, оған бей-жай қарамайтындарын жеткізді.