
Бүгін аудан әкімі белсенді жастарымен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылады. Еркін форматта өткен жүздесуде елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғырту және өскелең ұрпақтың мемлекет ісіне араласу тетіктері сөз болды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы жай ғана заңдық өзгеріс емес, бұл — мемлекеттің болашағына жасалған ұзақмерзімді инвестиция екені айтылды. Ұсынылып отырған реформалар қазіргі заман талабына сай келіп, алдағы ұрпақтың құқықтарын қорғауға бағытталған.Саяси партиялардың институционалдық дамуын күшейтіп, кадрлық саясатты жаңартуға жол ашады.Сондай-ақ, жастар саясатта тек бақылаушы емес, шешім қабылдау процесінің нақты қатысушысына айналады.Жаңа жүйе саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Жиынның тағы бір маңызды тақырыбы — Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы болды. Бұл орган жастар үшін билікпен тікелей байланыс орнататын, заң шығару бастамаларына ықпал ететін маңызды консультативтік алаңға айналмақ. Бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені баса айтылды.
«Жаңа Ата Заң — бұл әділетті, ашық және жауапты мемлекеттің берік іргетасы. Біздің мақсатымыз — адами капиталды, білім мен инновацияны дамыту арқылы болашаққа нық қадам басу», — деп атап өтті аудан әкімі.
Кездесу соңында жастардың осы реформаларды жүзеге асырудағы рөлі талқыланды. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалану — әрбір жастың азаматтық парызы.
Жаңа Конституция — ел дамуының жаңа сатысы. Ал сол дамудың қозғаушы күші — білімді, белсенді және жауапкершілігі жоғары жастар.