КЕЗЕКТІ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

КЕЗЕКТІ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сарыкемер ауылындағы №7 «Келешек» орта мектебінде жергілікті тұрғындармен кезекті есептік кездесу өтті. Басқосуда Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Еркін Заурбеков 2025 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытқа жоспарланған міндеттер туралы мәлімет берді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев арнайы қатысып, тұрғындармен еркін форматта әңгіме өрбітті. Кездесу барысында ауылдың даму қарқыны, әлеуметтік саланы жетілдіру, инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, жол сапасын жақсарту және абаттандыру бағытында жүзеге асырылған жұмыстар сөз болды. Сонымен бірге, алдағы кезеңге белгіленген жобалар таныстырылып, олардың ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Кездесу кезінде тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, автобус бағытын кеңейту, кейбір көшелерге арнайы қоқыс контейнерін қою, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді өтініштер айтылды. Ауыл әкімі әрбір сұрақ назарға алынатынын айтып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Қуаныш Қалмаханұлы көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын және тиісті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкім орынбасары Сарыкемер ауылы күн санап дамып келе жатқанын атап өтіп, елді мекеннің көркеюі әрбір тұрғынның жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін айтты. Ол ауыл аумағында тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпке немқұрайлы қарамау, қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттерге жол бермеу қажеттігін ерекше атап өтті.

Ақпараттық медиа орталығы.