
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне орай ардагерлер арасында аудандық спорттық турнир ұйымдастырылды. Аталған жарыс Байзақ ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің Бұқаралық спорттық іс-шараларын өткізу орталығы мен аудандық ардагерлер кеңесінің бірлесуімен өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдіріп, жарысқа сәттілік тіледі. Шараның басты мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және Дінмұхамед Қонаевтың рухына құрмет көрсету.
Жарыс спорттың үш түрі – бильярд, дойбы және шахмат бойынша өткізілді. Тартысты өткен сайыс қорытындысында жеңімпаздар анықталды.
Бильярд спорт түрінен ІІІ орынды Ынтымақ ауылдық округінің ардагері Ізбасар Байқұлақов, ІІ орынды Сарыкемер ауылдық округінің ардагері Ким Вячеслав иеленсе, І орынды Дихан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Ойықбаев жеңіп алды.
Дойбы жарысында ІІІ орынды Сарыкемер ауылдық округінен Әли Бекайдаров, ІІ орынды Дихан ауылдық округінен Үсен Қашағанов иеленді. Ал І орынды Кеңес ауылдық округінен Ғалымжан Ақбердиев қанжығасына байлады.
Шахмат бәсекесінде IV орынды Жалғызтөбе ауылдық округінің ақсақалы Жанболат Турабаев, ІІІ орынды Сарыкемер ауылынан Амангелді Оспанов, ІІ орынды Бурыл ауылдық округінен Алтай Тастанов, ал І орынды Кеңес ауылынан Темірхан Наржанов иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен, сондай-ақ арнайы дипломдар мен медальдармен марапатталды. Ардагерлер арасындағы бұл турнир жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлады.
Ақпараттық медиа орталығы.