Жамбыл облысындағы ең сұранысқа ие ТОП-3 мемлекеттік қызмет белгілі болды

Жамбыл облысындағы ең сұранысқа ие ТОП-3 мемлекеттік қызмет белгілі болды

2025 жылы Жамбыл облысындағы ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лар арқылы 759 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» облыстық  филиалы хабарлады. Сондай-ақ өңір тұрғындары арасында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер белгілі болды.

 Өткен жылы көрсетілген ТОП-3 ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің көш басында жеке куәлік пен ҚР паспортын беру қызметі тұр — бұл қызмет 188 325 рет көрсетілген. Екінші орында — көлік құралдарын тіркеу, бұл бағытта 181 008 өтініш қабылданған. Үшінші орынға ЭЦҚ алу қызметі жайғасты — 79 985 азамат электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Батырхан Тоқтағұлдың айтуынша, ең көп мемлекеттік қызмет Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған ХҚКО-да көрсетілген — 135 224. Одан кейін Тараз қалалық Әулиеата ауданының №1 ХҚКО-сы  — 120 665 қызмет көрсеткен және Қордай аудандық ХҚКО 72 157 қызмет көрсетіп үштікті қорытындылап тұр.

Бүгінде мемлекеттік қызметтер тізілімі 1 448 қызмет түрін қамтиды. Оның 91,8%-ы, яғни 1 330 қызмет, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы қолжетімді.

Еске сала кетейік, азаматтар мемлекеттік қызметтерді тек ХҚКО-ларда ғана емес, онлайн форматта да ала алады. Атап айтқанда, «ЦОН» мобильді қосымшасы уақытты үнемдеуге көмектесіп, мемлекеттік сервистерді айтарлықтай қолжетімді етеді.