
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында алғаш рет 8-11 сынып оқушыларына арналған республикалық «Маралтай оқулары» шығармашылық байқауы өтті. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 35 оқушы қатысты.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген байқауда Бурыл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Батырхан Боранбек жүлделі І орынды иеленді. Осы орайда, бүгін аудан әкімі республикалық “Маралтай оқулары” байқауының жеңімпазы Батырхан Боранбекті жеке қабылдап, құрмет көрсетті. -Ауданымыздың атағын республика көлемінде танытқан жеңісін құтты болсын. Біз сенімен мақтанамыз. Алдағы алар асуларың, бағындырар биіктерің көп болсын, - дей келе, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Ақпараттық медиа орталығы.