Бүгін “AMANAT” партиясы аудандық филиалының «Кітап-AMANAT» орталығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, елге еңбегі сіңген қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Шаштайұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Әдеби мұра ұрпаққа аманат» атты әдеби кеш өтті. Кеш барысында Жұмабай Шаштайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнебаян қойылды. Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі саналатын ол өз шығармашылығында ел тарихын, қоғам өміріндегі өзгерістерді, қарапайым адамның тағдырын шынайы бейнелеп, көрермен мен оқырман жүрегінен орын алған тұлға.
Бұдан соң қазақтың төл аспабы – домбыра үнімен жүректерге жол тартқан өнер иесі, аудандық мәдениет үйінің әншісі Марлен Купешовтің орындауындағы ән көрермен көңілін көтеріп, кештің рухын тереңдете түсті. Әдеби кеште сөз алған “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева Жұмабай Шаштайұлының есімі мен еңбегі ұлт тарихында мәңгі сақталатынын, осындай әдеби кеш арқылы жас ұрпақ ұлы тұлғалар жайлы кеңінен мәлімет алатынын айтты.
Аталған игі шара – ұлттың өткені мен бүгіні арасындағы рухани көпір іспетті. Мұнда жиналғандар тек бір тұлғаның өмір жолын емес, тұтас бір дәуірдің болмысын, қазақ халқының рухани биігін таныды.
Ақпараттық медиа орталығы.