Бүгін Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябақта Отбасын қолдау орталығы мен Жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Әрбір отбасы бақытты болуға лайықты» атты отбасылық сайыс өтті.
Онда алдымен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Марлен Жексембі сөз алып, «Отбасы – қоғамның алтын діңгегі. Әр шаңырақтағы татулық пен сыйластық елдің берекесін арттырады. Бүгінгі сайыс – сол құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!» – деп атап өтті.
Шараға ата-аналар мен балалардан құралған Смабаев, Тулебеков, Аманбаев отбасылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Алғашқы кезең - «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде отбасылар шығармашылық таныстырымдарын ұсынып, өлең, арнайы түсірілген бейнебаян арқылы өздерін таныстырды.
«Өнерлі отбасы» кезеңінде командалар ән айтып, поэзия оқып, өнер көрсетті. «Біздің арман үйіміз» кезеңінде отбасылар қиялдағы бақытты шаңырақтарын қағаз бетіне түсіріп, салған суреттерін дәріптеп, таныстырды. «Ас адамның арқауы» бөлімінде дәмі тіл үйірген тағамдар ұсынылып, әр отбасы өз дастарқанын таныстырды.
Ал, «Сұрақ-жауап» кезеңінде қатысушылар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты сұрақтарға жауап беріп, тапқырлық пен білімділіктерін көрсетті. Соңғы «10 қадам – 10 жүректен шыққан жылы сөз» бөлімінде отбасылар бір-біріне ізгі тілектер арнап, шараны ерекше әсермен түйіндеді.
Сайыс соңында әділқазылар алқасы өз бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтады. Бас жүлде – Аманбаевтар отбасына бұйырды. Олар ұйымшылдық пен өнерліліктің, татулық пен сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетті. Қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан Диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақпараттық медиа орталығы.