Аудандық орталықтандырылған кітапхананың мәжіліс залында Жамбыл облысының тумасы, ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ҰОС ардагері, ұзақ жылдар бойы Жамбыл облысында партия және орган қызметтерінде тынбай еңбек еткен Ұзақбай Сыздықбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Елі үшін туған ер тұлға» атты еске алу кеші болып өтті.
Кеш шымылдығын жүргізушілер Ұзақбай Сыздықбаевтың өмір жолына тоқталудан бастады. Экраннан оның бала кезінен бастап еңбекке араласып, соғысқа қатысқан және ел басқарған кезеңдерін бейнелейтін бейнероликтер көрсетілді. Кеш барысында ҚР мәдениет қайраткері Алмахан Исабаевтың орындауында «Тағзым» әні, әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Дамира Жұмабекованың орындауында «Қазақ елі» әндері шырқалды.
Бұдан әрі ҚР мәдениет саласының үздігі, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр сахнаға шығып, арнау өлеңін оқыды. Ол өлеңінде Ұзақбай Сыздықбаевтың парасатты басшы, кемеңгер қайраткер болғанын, елге сіңірген еңбегін айшықтап берді. Ал, Ұзақбай Сыздықбаевтың қызы Шолпан Ұзақбайқызы әкесінің өнегелі өмірі жайлы естеліктерімен бөлісіп, әке аманатын жалғастыру әр ұрпақтың парызы екенін атап өтті. Еске алу кеші «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Ақпараттық медиа орталығы.