Бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі Көктал ауылдық клубында болып өтті. Кездесу барысында аудан әкімі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, еркін форматта сұрақ-жауапқа ауысты. Көкталдық тұрғындар тарапынан ауылда интернеттің өз дәрежесінде істемеуі, ауыл халқы үшін қорымға жер бөлу, ауыл арасындағы қоғамдық көлік бағыты, ауылда дәрігерлердің жетіспеуі, байлаусыз жүретін иттер, көп қабатты үй маңындағы су шайындылары құйылатын құдықты (септікті) орталықтандыру, электр желісі туралы мәселелер көтерілді. Аудан әкімі халықтың қойған сауалдарын мұқият тыңдап, оның бірнешеуіне сол жерде жауап берді. Ал, кейбір мәселелер зерделеніп барып, заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Мәселен, интернетке байланысты мәселе басқада ауылдарда барын айта келіп, мұны ретке келтіру бойынша тиісті орындар тарапынан жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Ал, қорым үшін жерді қарастыру және электр желісіне байланысты оны дер кезінде жөндеу туралы аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі қойылған әрбір сауалға байланысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелетінін ескертті. Аймақ басшысы кездесуден соң жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, шешу жолдарын қарастырды.
Ақпараттық медиа орталығы.