Бүгінгі таңда елімізде ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген ауқымды игілікті істер жүзеге асырылуда. Соның бір айқын көрінісі - бүгін үш бірдей ауылда яғни, Дихан - 2, Тегістік, Базарбай ауылдарында заман талабына сай салынған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін бұл – зор қуаныш. Енді халық аудан орталығына ағылмай, өздері тұратын елдімекеннен шықпай-ақ, медициналық көмек алуына мүмкіндік туды. Ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Жамбыл облысы әкімінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, аудан әкімі бұл медициналық пункттер - халықтың тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталғанын атап өтті. Ауыл тұрғындары осы ретте алғысын жаудырды. Елдімекеннің күн санап көркейіп келе жатқанына қуанып отыр. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан, бір мезетте тұрғындарға медициналық көмектің түрлерін көрсете алатын әлеуметтік нысанның құрылысын мердігер мекемелер «Taimas Construction Company», «Синдикат Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жаңадан бой көтерген 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Алдағы уақытта ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады. Ақпараттық медиа орталығы.