Аудан басшысы жұмыс сапарымен Бурыл ауылдық округіндегі құрылыс нысандарында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып, Зиябек Палуанов көшесі мен «Нұр» алқабының тұрғындарымен кездесті.
Жыл санап халық саны артып келе жатқан Бурыл ауылдық округі аудан орталығынан кейінгі ең ірі елді мекен саналады. Сондықтан, аталған округте үстіміздегі жылы облыстық және аудандық бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып, 15 ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында, ағымдағы жылы 14 көше, ауыл әкімдігіне кіру және көше бойындағы автотұрақ орта жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, 6 көше жарықтандырылып, СИП желілері мен 500 дана прожектор сатып алу көзделуде. Ауылды абаттандыру бойынша «Нұр» алқабына шағын футбол алаңын салу, канал тазалау, бейнебақылау камераларын орнату, су қысымы төмен учаскелерге су қысымын арттыру үшін су сорғылар орнату қолға алынуда. Әкімшілік ғимаратын әктеу, сырлау, су құбырын жүргізу, жаздық сахна орнату, Байзақ датқа мен З.Палуанов көшелерінің аяғына шағын футбол алаңын орнату және «Жеңіс» саябағы ауласын ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Кездесуде аудан әкімі жергілікті тұрғындар көтерген әрбір мәселе бойынша нақты жауаптар қайтарып, кейбір мәселелерді назарға алды. Тиісті сала орынбасары, бөлім, мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жұмыс сапарында аудан басшысы Зиябек Палуанов пен Жаңбыршы көшесіндегі жол жөндеу, Мира көшесінің электр бағаналары мен көше жарығы, Байзақ датқа көшесіне кіші футбол алаңшасын орнату, №6 орта мектептің жағдайы, «Жеңіс» саябағындағы жаздық сахна құрылысы және абаттандыру жұмыстары барысымен танысқанын айта кетейік.
Ақпараттық медиа орталығы.