ӨНЕР - ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ӨНЕР - ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы да жоғары болады. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Ұлттық мәдениеттің бір бөлігі – Байзақ өлкесі қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету жолында тер төгіп келеді. Мәдениет саласына енгізіліп жатқан тың өзгерістер сала қызметкерлерінің жаңаша, уақыт талабына сай жұмыс жасауға жол ашты.
Сарыкемер ауылында орналасқан әл-Фараби
атындағы мәдениет үйінде Мәдениет және өнер
қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Шараны Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов құттықтау сөзбен ашып, аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды аудан әкімінің Грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссеры, мәдениет саласының үздігі Нұралы Абдуллаев, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов та сала қызметкерлерін өз тараптарын марапатқа бөледі. Аудан мәдениеті мен өнерінің дамуы жолында ұзақ жылдар бойында күш-қайратымен бірге талантын сарқи жұмсап, бүгінде қадірлі зейнеткер атанған аға буын өкілдері де назардан тыс қалмай, аудан әкімі атынан сыйлықтар табыс етілді. Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.