
Сапалы күйдірілген әк өндіретін зауыт ашылды
Өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін өндірістерді арттыру және инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнату бағытындағы жұмыстар мақсатты түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бір дәлелі - «Тараз» индустриялық аймағында жылына 70 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін зауыттың ашылуы.
Зауыттың салтанатты іске қосу рәсіміне өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына келген журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл жоба Мемлекет басшысының өңдеу саласына инвестиция тарту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Инвестициялық құны 2 млрд. теңге болатын кәсіпорын 100 жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал етті.
Аталған өндіріс ошағы қажетті шикізатты жеке карьерінен алады. Бұл әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаратын кезеңге дейін сапаны тұрақты бақылауға мүмкіндік бермек. Өнім өндірушісі – «KazGeoEnergy» ЖШС-і, өңірдегі 1-сыныпты әк шығаратын жалғыз кәсіпорын болып табылады.
Зауыт заманауи технологиялармен және озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде, немістің Siemens AG мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің барлық кезеңінде сапаны жоғары дәлдікпен бақылауды қамтамасыз етеді.
Жаңа зауыт өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Ол облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға және отандық өнеркәсіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақпараттық медиа орталығы.