
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған құраммен Атырау облысы өңіріне келді. Өнеркәсібі дамыған аймақта қоғам өкілдерімен, креативті жастармен, мұнайшылармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өтті. Аймақ жұртшылығымен жүздесу барысында коалиция мүшелері алдағы референдумның ел болашағы үшін, демек әрбір отбасы мен әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті *Мәжіліс*інің Спикері жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың заңды жалғасы екенін айтты. Негізгі заң жобасы – қоғамда қордаланған әділдік орнату, заң үстемдігін қамтамасыз ету, баршаға тең мүмкіндік беру жөніндегі талаптарға берілген нақты жауап. Осыған байланысты парламенттік реформадан басталған конституциялық өзгерістер бүкіл ел көлемінде болашақ туралы кең ауқымды қоғамдық талқылауға жол ашып, жаңа Негізгі заңды қабылдауға алып келді.
«Халықтан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Адамдар елдің болашағы, құндылықтар мен қағидаттар жайлы көбірек айта бастады. Осы ұсыныстарды талдай келе, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе түбегейлі өзгеріп жатыр. Биліктің барлық тармақтары жаңғырудан өтуде. “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” формуласы бекітілуде», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ерлан Қошановтың айтуынша, жаңа Конституция өткен мен бүгінді сабақтастырып, елдің болашақ даму бағытын айқындайды. Ал кіріспе бөлімде мемлекеттілікті байырғы қазақ жерінде нығайту туралы ереженің бекітілуі тарихи сабақтастық пен ұлттың ғасырлар бойғы шежіресін айшықтай түседі.
Атыраулықтар өз кезегінде жаңартылған Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде белгіленуін ерекше атап өтті. Мұнайлы өңір тұрғындары үшін еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, сондай-ақ заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл өз кезегінде инвесторлар үшін де, қарапайым жұмысшылар үшін де тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастырады.
Кездесу барысында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау нормаларына да ерекше назар аударылды. Бұл қағидаттар алғаш рет Негізгі заңда іргелі ұстанымдар деңгейінде бекітіліп отыр. Өңір тұрғындарының пікірінше, мұндай норма мұнай-газ аймағы үшін айрықша маңызды. Экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды қорғау мәселелері – тек ұран емес, келер ұрпақтың болашағына берілген нақты кепіл.
Облыстың креативті жастарымен кездесу Atyrau Creative Hub орталығында өтті. Онда білім, ғылым, инновация, цифрлық құқықтарды қорғау және дарынды жастардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жеке деректердің қорғалуын күшейтіп, технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан жағдайда цифрлық қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қалыптастыратынын атап өтті.
Сондай-ақ отбасы мәселесіне және қоғамымызға тән дәстүрлі құндылықтарды сақтау тақырыбына да айрықша көңіл бөлінді. Жас атыраулықтардың айтуынша, жаңа Конституцияда некенің ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде нақты айқындалуы отбасы институтын қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат жүргізуге және оны құқықтық тұрғыдан қорғауға мүмкіндік береді.
Азаматтардың еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ еңбекақы және әлеуметтік қорғау мәселелері КазТурбоРемонт сервис орталығының қызметкерлерімен өткен кездесуде кеңінен талқыланды.
Кәсіпорынның жас мамандары мемлекет пен бизнестің кәсіби дамуға қандай мүмкіндіктер ұсына алатынына қызығушылық танытты. Адамды, оның білімі мен кәсіби әлеуетін елдің стратегиялық ресурсы ретінде қарастыратын қағидат өңірлік мамандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны айтылды.
Диалог барысында еңбек жағдайлары мен заманауи өндірістерді дамытуға қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Ұжым жаңартылған Негізгі заң қауіпсіз еңбек жағдайына және әділ еңбекақыға берілетін кепілдіктерді күшейтетінін, ал мемлекеттік саясаттың адам еңбегі мен кәсіби еңбегін құрметтеуге бағытталғанын ерекше атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша атыраулықтар 15 наурызда өтетін референдумға қатысу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін жеткізді. Атырау облысының тұрғындары елдің тұрақты әрі сенімді болашағы үшін өз таңдауын жасап, дауыс беруге ниетті екенін білдірді.