Жамбыл өңірі халықаралық фестивальдер арқылы көктемгі туризм маусымын ашады

Жамбыл өңірі халықаралық фестивальдер арқылы көктемгі туризм маусымын ашады

Жамбыл өңірінде көктем мезгілі ірі мәдени оқиғалармен басталмақ. 2026 жылғы туристік маусым аясында өңірде екі ауқымды халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар арнайы бекітілген якорлық іс-шаралар күнтізбесіне енген және қонақтарға көне дәстүр мен табиғи байлықтың үйлесімін танытуды көздейді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Алғашқы шара Тараз қаласында өтеді. 23 сәуір күні Көне Тараз аумағында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық фестиваль шымылдығын түреді. Бағдарлама таңғы 10:00-де Dombyra Party форматындағы әсерлі ашылумен басталып, күн бойы киіз үйлер қалашығында Алматы, Түркістан және шетелдік шеберлердің көрмелері мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Кешкі бөлім де мазмұнды өтпек: сағат 19:00-де ұлттық киімдер дефилесі ұсынылып, гала-концертте HasSak ансамблі, Қоңыр тобы және Наркенже Серикбаева өнер көрсетеді. Сонымен қатар, көрме залында ASPARA FASHION WEEK халықаралық сән апталығының XVII маусымы аясында арнайы көрсетілім өтеді.

Екі күннен кейін, 25 сәуірде, фестивальдер легі Талас ауданында жалғасады. Есейхан ауылы маңында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып, бұл бастама аймақтың қызғалдақтың тарихи отаны ретіндегі мәртебесін нығайтуды мақсат етеді. Атап айтқанда, Грейг қызғалдағы осы өңірмен тығыз байланысты.

Іс-шара аясында 20 киіз үйден тұратын этноауыл бой көтеріп, ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар мен фотозоналар жасақталады. Қонақтарға қызғалдақтың шығу тарихын баяндайтын театрландырылған қойылым, ғылыми-танымдық экскурсиялар және дәстүрлі «Қымызмұрындық» рәсімі ұсынылады.

Фестивальдің маңызды бөліктерінің бірі – халықаралық экологиялық бастама. Нидерланд Корольдігі өңірге 40 000 қызғалдақ түйнегін сыйға тартуды жоспарлап отыр. Бұл қадам табиғатты қорғау мен экотуризмді дамытуға серпін беріп қана қоймай, жергілікті инфрақұрылым мен шағын кәсіпкерліктің өркендеуіне де ықпал етпек.

Осылайша, көктемгі фестивальдер өңірдің мәдени келбетін жаңа қырынан танытып, табиғи сұлулықты тамашалауға мүмкіндік береді.