
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Мырзатай ауылдық округінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ауылдық мәдениет үйінде өткен мерекелік концертке ауыл тұрғындары, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты.
Мерекелік шара барысында балаларға арналған әсем әндер шырқалып, би қойылымдары көрсетіліп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Іс-шарада ауыл әкімі Асхат Тілеубердіұлы мен ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Өз сөздерінде олар балаларға зор денсаулық, бақытты балалық шақ, сапалы білім мен жарқын болашақ тіледі. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың елдің ертеңі екендігін атап өтіп, олардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуы керектігін жеткізді.
Мерекенің ерекше сәттерінің бірі – балаларға балмұздақ таратылып, мерекелік сыйлықтар ұсынылуы болды. Бұл бүлдіршіндердің қуанышын еселеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Балаларды қорғау күніне арналған іс-шара ауыл тұрғындарының ризашылығына ие болып, жас ұрпаққа шаттық пен қуаныш сыйлаған жарқын мерекеге айналды.