
Қостөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Қостөбе ауылдық клубында «Медиация – заманның талабы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ауыл тұрғындары арасында медиация институтын кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдағы дау-дамайларды бейбіт жолмен шешудің маңызын түсіндіру.
Семинарға Байзақ аудандық сотының төрағасы Төленбеков Досжан Қанатбекұлы, Байзақ ауданы прокуратурасының прокуроры Ержанұлы Бижан, Байзақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Әжібаев Айбек Иткараевич, сондай-ақ Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрайымы Көшекбаева Ғани Ақылбекқызы қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясының қоғам өміріндегі маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ медиация институтының артықшылықтары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Қанатбекұлы өз сөзінде сот жүйесіндегі медиацияның тиімділігіне тоқталып, дауларды сотқа дейін өзара келісім арқылы шешудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Билер кеңесімен бірлескен жұмысты жандандырудың қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды.
Семинар барысында ауылдық жерлерде туындайтын көршілік, жер, отбасы және тұрмыстық сипаттағы дауларды медиация тәртібімен шешудің тиімділігі түсіндіріліп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, медиация институтын кеңінен қолдану қоғамдағы тұрақтылықты, өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.