Жұрт көңіліне қонған жәрмеңке

Жұрт көңіліне қонған жәрмеңке

Неміс тілінен шыққан, «жыл базары» деген ұғымды беретін жәрмеңке сонау ғұн дәуірінен бері ұйымдастырыла бастапты. Кейінірек жәрмеңкелер маңызды рөл атқарып, қазақ даласындағы экономикалық өмірді жандандырған екен. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпай әлі жалғасып келеді. Себебі, жәрмеңке өткізу тауар өндірушіге де, тұтынушығы да өте тиімді әрі өзімізде өндірілген отандық сапалы өнімді өткерудің ең ұтымды жолы. Сондықтан облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы тамыз айынан бастап апта сайын жәрмеңке өткізуді қолға алған болатын.

Осыған орай, бүгін кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі облыс орталығындағы «Grand bazaar» сауда кешенінде өткізілді. Онда Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласының тауар өндірушілері өз өнімдерін төмен бағамен ұсынды. Оның ішінде 12,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,0 тонна шұжық өнімдері, 4,3 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 2,4 тонна макарон өнімдері, 0,6 тонна балық, 2,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 68,9 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Жәрмеңке барысында жалпы көлемі 96,5 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағамен өткерілді. Мәселен, жылқы еті - 2400, сиыр еті - 2200, қой еті - 2000, сүт өнімдері түрлеріне қарай 290-1000 теңге және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 50-270 теңге аралығында саудаланды.

- Мұндай жәрмеңкелер біздің қалтамызға өте қолайлы. Мысалы, пияздың келісін – 80 теңгеден алсам, сәбізді – 100 теңге, картопты – 120 теңгеден және қантты 480 теңгеден сатып алдым. Басқа сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір тиімді. Сондықтан мұндай жәрмеңке жиі болып тұрса біз тек қуанамыз, – дейді қала тұрғыны Елдар Мұхитұлы.

Жәрмеңкеге арнайы келген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сөрелерді аралап көріп, тауарлардың сапасы мен қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылады. Сондай-ақ, шаруалармен және тұрғындармен тілдесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты.

Жалпы қолжетімді бағаға азық-түлік алып, жәрмеңкеге көңілдері толған шаһар тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді

Айта кету керек, жәрмеңке кезінде қыркүйек айының 3-4 жұлдызында Елордада өткен жәрмеңкеге ат салысқан тауар өндірушілер мен аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің Алғыс хаттары табысталды.