Мойынқұмда мал азығы молынан жиналуда

Мойынқұмда мал азығы молынан жиналуда

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады.

Өңір басшысы Құмөзек ауылының маңындағы шабындық жердің жайымен танысып, қыр төсіндегі қым-қуыт тірліктің бел ортасында жүрген шаруалармен тілдесті. Жалпы аудан бойынша 744 шаруа қожалық болса, бүгінде олардың басым бөлігі мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Дәлірек айтқанда, жоспар бойынша шаруалар 25 мың гектарға жуық шабындықты игеріп, 134 400 тонна мал азығын жинауы тиіс. Қазіргі таңда оның 19100 гектары шабылып үлгерген. «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Бәкір Исабековтың сөзіне сенсек, бүгінде Шу, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарының шаруалары шөпті дәл осы Мойынқұм ауданынан тасып жатқан көрінеді.

- Биылғы жылы еліміздің бірқатар аймақтарында қуаңшылық болып жатқанын көріп отырмыз. Соның салдарынан қаншама мал шығыны орын алды. Осындай жағдайға жол бермеу мақсатында мал азығын молынан жинап қалуға күш салудамыз. Қазіргі кезде 3 мың гектар аумақта шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Маусым айынан бастап жұмысқа бірнеше бригада жұмылдырылды. Үстіміздегі жылы мал азығына деген сұраныс күрт көбейіп кеткендіктен жылдағы межені қазірдің өзінде 160 пайызға артық орындадық. Сонымен бірге шөп тапшылығын көріп отырған Қызылорда облысының Арал ауданына көмек ретінде бірнеше тонна шөп жөнелттік. Сұраныс болса шөп шабу науқанын қазан айына дейін жалғастырамыз, - дейді қожалық жетекшісі.

Шаруалардың жұмысын көзбен көрген өңір басшысы мал азығын молынан жинап, қыс айларына қор жасақтау қажеттігін ескертті.