Жамбыл облысында 233 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеуде

Жамбыл облысында 233 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында көкөніс сақтау қоймаларының санын арттыру, олардың сыйымдылығын ұлғайту бойынша нақты шаруалар қолға алынған. Қазіргідей жиын-терімнің кезінде бұл мәселеленің маңыздылығы арта түсетіні белгілі десек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте ол туралы жан-жақты сараланды.

Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы бақсармасының басшысы Қайрат Аманов баяндама жасап, облыстағы сақтау қоймаларының дайындығы және әлеуметтік дүкендерді азық-түлікпен қамту жөніндегі жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 233 қойма жұмыс істеп тұр, олардың жалпы сыйымдылығы 243 474 тоннаны құрайды.  80 қойма арнайы мұздатқышпен жабдықталған.

Дегенмен, талдау көрсеткендей, Мойынқұм, Сарысу Талас Шу аудандарында маусымаралық кезеңге көкөніс өнімдерін сақтайтын мұздатқыш қоймалары жоқ.          

- Тұрақтандыру қорының балансында жалпы 1318,4 миллион теңге  бар,  биылғы қордағы тауар айналым көлемі 2820 тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артып отыр. «Айналым сызбасы» бойынша 16 кәсіпкерлік субъектісіне 854,8 млн тг. қаржы бөлінді, 18 тауардың төмендетілген бағалары белгіленді. Жыл басынан айналым сызбасы арқылы 2733,7 тонна өнім өткеріліп, бөлінген қаржыны тауар өндірушілер 87 пайызын игерді, әлеуметтік дүкендер желісі бастапқы берілген қаржысын 3,4 есе артығымен игерді»,-деді Қайрат Аманов.

Бүгінгі күнге Тараз қаласында 16 дүкен іске қосылған десек, оның 10-ы жаңадан соғылғандар. Қосымша 5 дүкенің жері белгіленіп, оның 3-інің рұқсат қағаздары рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталған.

Жалпы аталған дүкендердегі тауарларға  деген сұраныс күннен күнге артуда. Апта сайын Тараздағы дүкендер арқылы 10,8 миллион теңгеге өнім өткерілуде десек,  жыл басынан тауар айналым 2,5 есеге ұлғайған. Сондай-ақ, осы аралықта бір дүкенге келушілердің орташа саны 41 адамнан 340 адамға жетті, 2800 тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары төмендетілген бағада өткерілген. Бұдан бөлек, аудандарда жалпы 15 дүкен іске қосылып жұмыс жасауда.

Алайда, ол дүкен сөрелерінің азық-түлікпен қамтылуы әлсіз. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев өнімді сақтау бойынша ауқымды жұмыс жасалуы тиістігін тілге тиек етіп, халықтың әлсіз тобын арзан азық-түлікпен қамту – қашанда назардан тыс қалмау керектігін баса айтты.       

Басқосу барысында Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары және Тараз қаласы кейбір өнімдермен өзін-өзі толығымен қамтамасыз етпейтіндігі, ол үшін қазірден тиісті өнім көлемін қоймаларда сақтауды қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.

- Мен сіздерге былтыр қойма салу бойынша тапсырма бергенмін. Көптеген аудандар да бұл жұмыс әлсіз жүзеге асуда. Кез келген сауда орталығы тұрақтандыру қорынан алған өнімдерін сатады. Одан түскен қаражат қайда? Аудандармен өзара жұмыстарыңыз әлсіз. Аудандарда әлеуметтік дүкен ашу, қоймалар салу секілді шаруалардың бәрін сіздің басқарма қадағалауы қажет. Аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты үйлестіретін де – ауыл шаруашылығы басқармасы,-деді облыс әкімі тиісті басқармаға қарата.

Жиында  «Тараз» әлеуметтік –кәсіпкерлік коорпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы Нұрғали Көрпетаев өздеріндегі қор Тараз қаласын ғана қамтуға жететінін айтса, «Тараз» көтерме сауда орталығының директоры Самат Үрпеков көтерме-тарату орталығын салуға Тараз қаласынан жер бөлудегі кедергілер қолбайлау болып отырғанын алға тартты.

- Қала әкімі бұл мәселені өзі қадағалап, жұмысты реттеу қажет. «Тараз» көтерме-тарату орталығы біз үшін аса маңызды. Оның жұмысын жеделдетуіміз керек,-деп  Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы әкіміне тапсырма жүктеді.

Облыс әкімі мұнан соң Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағыны тыңдап, қойма салу ісін жеделдетуді, әлеуметтік дүкендерді көптеп ашу бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.

- Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді қолжетімді бағада алуы тиіс.   Әр азық түліктің  өзіндік құны қанша? Ол қаншадан өткеріліп отыр? Осының барлығын экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы басқармалары саралап, талдау жасаулары тиіс. Осы жұмыстарды қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітовке тапсырамын» -деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.