Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – басты назарда

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – басты назарда

Бүгін басқарманың мәжіліс залында ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және оларды көрсету рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиынға басқарма қызметкерлері, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілі, сондай-ақ ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының мамандары қатысты.

Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Бауыржан Кенжеқұлов мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі мен оларды жетілдіру бағыттары туралы баяндама жасады.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, электрондық қызметтерді алу кезінде туындайтын техникалық мәселелер, құжаттарды қабылдау және қарау рәсімдері, сондай-ақ қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсіндірме берілді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу және қызмет алушыларға қажетті ақпаратты уақытылы ұсыну мәселелері қозғалды.

Жиын соңында басқарма қызметкерлері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру бойынша өзара пікір алмасты.