Көктемгі дала жұмыстары аяқталды

Көктемгі дала жұмыстары аяқталды

Жамбылдық шаруалар биылғы жылы 198,9 мың гектарға жаздық масақты дәнді дақыл, 40,6 мың гектарға майлы дақыл, 5,6 мың гектарға қант қызылшасы, 8,9 мың гектарға картоп, 34,9 мың гектарға көкөніс, 14,0 мың гектарға бақша дақылдары, 18,8 мың гектарға дәндік жүгері, 1,5 мың  гектарға сүрлемдік жүгері, 25,3 мың гектарға көпжылдық және 3,7 мың гектарға біржылдық шөп отырғызып көктемгі дала жұмыстарын аяқтады.

Осылайша облыстағы егіс алқабы 659,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұл ретте ағымдағы жылы егіс алқабын әртараптандыру аясында рентабелді дақылдарға көңіл бұрып көкөніс, бақша және майлы дақылдарының алқаптарын арттыру жұмыстары жүргізілді.

Көктемгі дала жұмыстарына 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылса, оған қажетті бөлінген 19,9 мың тонна дизель отынының 13,7 мың тоннасы өңірге жеткізіліп, 9,9 мың тоннасы шаруаларға таратылды.
Жоспарланған 99,6 мың тонна минералды тыңайтқыштардың 50,4 мың тоннасы 252,2 мың гектар алқапқа ендірілді.

Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала 1» және «Кең дала 2» бағдарламаларымен 4,1 млрд. теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, оның 3,5 млрд. теңгесі шаруаларға аударылды.

Сондай-ақ, 2024 жылы 55,4 мың гектарға енгізілген су үнемдеу технологияларының көлемі 11,1 гектарға ұлғайып, 66,5 мың гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиялары енгізілді.