Омарташылар Таразда бас қосты

Омарташылар Таразда бас қосты

Тараз қаласындағы «Самал» шипажайында Қазақстан омарташыларының форумы өтті. «Омарташы мамандығы – тарих және қазіргі заман» тақырыбында өткен форумға отандық және шетелдік ғалымдар мен омарташылар қатысты.

Жалпы елімізде 12 мыңнан аса омарташы бар. Олар 600 мыңнан аса ара ұясын ұстап отыр. Жылына шамамен олар 5 мың тоннадан өнім жинайды. Шет елге 450 тонна өнім экспортталады. Негізгі экспортталушы елдер қатарында Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытай бар. Енді Еуропа елдеріне экспорттау жоспарлануда. Ал, ара өсірумен Жамбыл облысында 500-ден аса омарташы айналысуда.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Жұмысшы мамандықтар жылына орай жұмысшы мамандықтарымен қатар ауыл шаруашылығы саласында ара және балық шаруашылығын дамыту қажеттігін сөз еткен болатын. Осының аясында омарташыларға да елеулі көңіл бөлінуде. Елімізде ара шаруашылықтары соңғы жылдары жақсы жолға қойылып келеді. Әсіресе, бұл кәсіп жастар арасында қолдау табуда. Мемлекет тарапынан жас омарташыларға субсидия да бөлінуде. Еліміз бойынша омарташылықпен айналысатын өңірлер қатарында Жамбыл облысы бар. Ал облыс аудандарының қатарында Меркі омартышылары алдыңғы орында. Біз қазір ондағы Қарақоңыз шатқалында отырған «Байжігітов», «Манапов» және «Асқаров» жеке кәсіпкерлік нысандарымен бірлесе жұмыс істеудеміз. Онда шамамен 15 омарташы жұмыс істеуде. Меркі ауданында жасаған зерттеулер аясында біз араның қазақстандық жаңа типін шығарудамыз. Жергілікті табиғатқа бейімделген «Асыл ара», яғни қазақстандық типті ара буданын айналымға енгізуге дайынбыз, - дейді Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп ғылыми зерттеу институтының аға қызметкері Ұлжан Нұралиева

Форумды омарташы, ғалым Олег Крупский ашып, жүргізді. Жиын аясында жас омарташыларға бағыт-бағдар берілді. Мінбеге көтерілген баяндамашылар ара өсірудің сан түрлі технологиясымен, бұл саланы жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан қаралған жобалармен бөлісіп, келелі әңгіме өткізді.

Форум модераторлары тарапынан жақсы жұмыс көрсете алған омарташылар арнайы марапаттармен марапатталды. Сондай-ақ ара өсірушілердің омарташылар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.