Сатып алынған жаңа техниканың арқасында ШҚО-да 1990-жылдардан бері тазаланбаған каналдар тазартылды

Сатып алынған жаңа техниканың арқасында ШҚО-да 1990-жылдардан бері тазаланбаған каналдар тазартылды

Су ресурстары және ирригация министрлігі сатып алып берген жаңа арнайы техниканың көмегімен Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар» филиалы 1990-жылдардан бері тазаланбаған каналдарды механикалық жолмен тазартты. Бұл жұмыстар Зайсан, Ақжар және Күршім өндірістік учаскелерінде жүргізілді.

Канал маңында орналасқан шаруа қожалықтарының иелері атқарылған жұмыстар үшін филиал мамандарына алғыс білдіріп жатыр.

«Биыл «Қазсушар» мекемесі каналдарды тазарту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына қуаныштымыз. Бұл каналдар 1990-жылдардан бері тазаланбаған еді. Енді міне, «Қазсушарға» жаңа техника беріліп, каналдар тазартылып жатқаны қуантады. Бұл жұмыстардың бізге тигізер пайдасы көп болып, биыл мол өнім алатынымызға сенімдіміз», - деді «Нұралы» шаруа қожалығының иесі Бауыржан Иқамбаев.

«Биыл «Қазсушар» мекемесі шаруа қожалықтарындағы каналдарды тазалап жатыр. Бұл шаруа қожалықтары үшін өте пайдалы болды. Техниканың барлығы жаңа. Каналдар 1990-жылдардан бері тазаланбай, ағаш өсіп кеткен. Осы ретте жаңа техника алып, жұмыс істеп жатқан «Қазсушарға» шаруа қожалықтарының атынан алғыс айтамын. Халық дән риза», - деді «Бағлан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Таласпаев.

Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар»филиалына 16 жаңа техника жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың үшеуі сатып алынды, тағы төртеуі былтыр сатып алынған болатын.

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарына 757 арнайы техника сатып алуды бастап кетті. Бүгінде 303 техника жеткізілді. Олар каналдарды механикалық жолмен тазартып, гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді түрде пайдаланылып жатыр.