Павлодар облысының экожүйесін сақтауға Ертіс өзені арқылы 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

Павлодар облысының экожүйесін сақтауға Ертіс өзені арқылы 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан Павлодар облысы аумағындағы Ертіс өзенінің жайылымына 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл жұмысты Су ресурстары және ирригация министрлігі табиғатты қорғау мақсатында жүргізіп жатыр.

Ертіс өзенінің жайылмалы аумағындағы флора мен фаунаның тіршілік ету ортасын және табиғи өнімділігін сақтау үшін жыл сайын су жіберіліп тұрады. Бүгінгі таңда өзеннің орта ағысындағы балықтардың уылдырық шашатын табиғи аймақтары су астында қалды. Сондай-ақ су жіберу Ертіс өзенінің арнасын тазалауға да бағытталған.

Қазір Павлодар облысындағы гидробекеттерде су деңгейінің көтерілгені және Ертіс өзенінің жайылымды аумақтарын су басқаны байқалып отыр. Сондай-ақ Павлодар облысында Шідерті өзенінің жайылымына да табиғатты қорғау мақсатында су жіберіліп жатыр. Бүгінгі таңда К. Сәтбаев атындағы каналдан 60 млн текше метрден астам су бағытталды.

Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының ауылдық аумағындағы флора мен фаунаны сақтауға, сондай-ақ Әулиекөл көлдер жүйесі, Басентин және Шығанақ көлдерін толтыруға жалпы көлемі 120 млн текше метр су бағыттау жоспарланып отыр.

Бүгінде Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы 9 мың гектардан астам көлтабандар суға толды. Жалпы алғанда 21 мың гектардан астам алқапқа су жіберу жоспарланған. Табиғатты қорғау жұмыстары басталғаннан бері Шығанақ көліне 10 млн текше метр су келді.

«Табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін су тек қоршаған ортаны және өңірдің табиғи байлығын сақтауға көмектесіп қана қоймайды. Бұл ауыл шаруашылығының, мал шаруашылығының және жалпы Павлодар облысы экономикасының дамуына ықпал етеді. Ал бұл жергілікті халықтың тұрмысына оң әсерін тигізеді»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.