Су ресурстары және ирригация министрлігі 2028 жылға дейін Абай облысының суару жүйелерін толығымен қалпына келтіруді жоспарлап отыр

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2028 жылға дейін Абай облысының суару жүйелерін толығымен қалпына келтіруді жоспарлап отыр


2028 жылға дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Абай облысының суару жүйелерін толығымен қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, алдағы үш жылда 32 магистральдық канал жөнделеді.

Нұржан Нұржігітов облыстағы гидротехникалық нысандарды аралап, олардың кешенді қайта жаңғырту жұмыстарына дайындығын тексерді. Министр алдымен Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесіп, су қоймаларын салу мәселесін талқылады. Айта кету керек, биыл облыста Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының филиалы ашылды.

«Министрлігіміз әзірлеген 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Абай облысында 6 су қоймасын салу көзделген. Олардың ішінде «Қаракөл» және «Қарғыба» су қоймалары министрліктің қаражаты есебінен салынады. Ал қалған 4 су қоймасына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген жағдайда, олардың құрылысын Ислам даму банкі арқылы қаржыландыру мүмкіндігі бар. Бұл жобалар өңірдегі суармалы жерлердің көлемін 100 мың гектарға дейін ұлғайтуға, ауыл шаруашылығын дамытуға және жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Содан кейін Нұржан Нұржігітов Жарма ауданындағы «Ортабұлақ» су қоймасында болды. Жекеменшікке тиесілі бұл нысанның жағдайы көңіл көншітпейді. Министр жергілікті әкімдікке бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген су қоймасын коммуналдық меншікке қайтару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупінің алдын алып, қосымша 2 000 гектарға жуық жерді суаруға мүмкіндік береді.

Одан кейін министр Шар су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. 2000 шаршы метр алаңға екі қабатты геомембрана мен 750 шаршы метр темірбетонды монолитті плита төселген. Сондай-ақ басқару мұнарасының қабырғаларына гидрооқшаулау жұмыстары аяқталды. Атқарылған жұмыстардың сапасын тексеру үшін су қоймасына 40 млн текше метрге дейін су жинау жоспарланып отыр.

Министр барған келесі нысан «Үлкен Бөкен» су қоймасы болды. 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспарында нысанды қайта жаңғыртуға қаржы бөлу қарастырылған.

Көкпекті ауданында Нұржан Нұржігітов су үнемдеу жүйесін орнатқан диқандармен кездесті. 1 563 гектар алқапқа жаңбырлатып суару жүйесі орнатылған. Асыл тұқымды ірі қара мен жылқы өсіретін жергілікті шаруашылық мал азығын өнеркәсіптік мөлшерде дайындайды. Ал «Қазсушардың» облыстық филиалы егін алқаптарын Ақтоған, Ворошилов каналдары арқылы сумен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов Абай облысына жұмыс сапары аясында Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысымен және Бейбітшілік аралын абаттандыру жұмыстарымен танысты.