Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймалары тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр. 12 сәуірден бастап өңірде көктемгі тасқынның үшінші толқыны өтіп жатыр.
СҚО-дағы Есіл өзенінің су деңгейінің көтерілуі байқалады, ал Ақмола аумағындағы өзен бөлігінде су деңгейі төмендеп жатыр. Бүгінде Сергеев су қоймасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Оған келіп жатқан су көлемі – секундына 2247,84 текше метр, ал жіберіліп жатқан су – секундына 2053,4 текше метр.
Сергеев су қоймасы толғанда судың бөгеттің жотасы арқылы өздігінен асып ағуы жүреді. Қазіргі уақытта ол 238 см, былтыр бұл көрсеткіш 425 см-ге жеткен болатын.
Петропавл су қоймасынан секундына 1763,8 текше метр су ағызылып жатыр. Нысан транзиттік режимде жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендер маңындағы су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерін тазарту және тереңдету бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, облыс әкімдігімен келіскен.
Жоспарға сәйкес, өңірде жалпы ұзындығы 205,7 км болатын өзен учаскелерінде 6 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде Қызылжар ауданының Соколовка ауылы маңындағы Есіл өзенінің арнасын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Петропавл қаласы маңында әлі де су тасқынының екінші толқыны өтіп жатыр, ол 20-22 сәуірде келетін үшінші толқынға дейін аяқталуы тиіс. Облыста гидротехникалық құрылыстардың жағдайы мен су деңгейіне бақылау күшейтілді.
«Жағдай Су ресурстары және ирригация министрлігінің бақылауында. Өңірде су қоймаларының толу деңгейін тәулік бойы бақылап, су тасқыны жағдайы туралы ақпаратты мүдделі мемлекеттік органдар мен РФ-ның Түмен облысындағы әріптестерге жіберіп отыратын жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылған», – деді Есіл бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.