
Астанада «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі басталды. Іс-шараға еліміздегі су мамандарын дайындайтын оқу орындары және су саласында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері қатысуда.
Фестиваль аясында болашақ талапкерлер су саласындағы жұмысшы мамандықтар және өздері қызығушылық танытқан оқу орындары туралы толық ақпарат ала алады. Сондай-ақ шеберлік сыныптары, панельдік пікірталастар және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Бұдан бөлек, фестиваль қонақтары су ресурстарын үнемдеу және басқару саласындағы жаңа әзірлемелермен, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысады.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, елімізде жұмысшы мамандықтардың тартымдылығы мен беделін арттыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылып жатыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанның су саласында 10 мыңға жуық маман еңбек етеді. Су шаруашылығы және ирригация саласына кадрларды 10 жоғары оқу орны мен 8 кәсіптік колледж дайындайды. 2024-2025 оқу жылы 523 талапкер су мамандықтары бойынша грантқа түсті.
«Еліміздің су саласына жастарды тартумен қатар, жұмыс істеп жатқан мамандардың біліктілігін арттыру да маңызды. Былтыр су саласының 500-ден астам өкілі мамандандырылған орталықтарда біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға көп. Биыл мыңға жуық маман біліктілігін арттырады, оның 105–і Қытайда оқиды»,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кету керек, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі 15 ақпанға дейін жалғасады.