
30.01.
ДУШАНБЕ
Қазақстан Орталық Азия елдерімен келісімдер нәтижесінде көктемде 11 млрд текше метр су алады. Нұржан Нұржігітов Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 88-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді.
АЙТА КЕТЕЙІК: Келісілген су көлемі Сырдария өзені арқылы Түркістан облысының Шардара су қоймасына келеді. Оның ішінде 1,6 млрд текше метр су Арал теңізіне жіберіледі.
28.01.
АСТАНА
Нұржан Нұржігітов Израильдің Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамомен кездесті. Тараптар Қазақстанда гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Бүгінгі таңда израильдік инженерлер 4 су қоймасын қарап, оларды реконструкциялау бойынша ұсыныс берді.
31.01.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылысы 5 жыл бұрын тоқтап қалған Қызылорда су торабын жаңғырту жобасын аяқтады. Нысанның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында гидравликалық тораптың бұзылған бөлшектері қайта жөнделіп, басқа да ақаулары дұрысталды.
МАҢЫЗДЫ: Су торабы Сырдария өзенінің сол және оң жағалауындағы 120 мың гектарға жуық жерді суаруға және шамамен 2 млн гектарға жуық шөлді аймақты ылғалдандыруға арналған.
29.01
АСТАНА
Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл соңына дейін су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл жүйеге Қазақстан аумағында 17 736 өзен мен 2 949 шағын көл, Каспий және Арал теңіздерінің шекарасы, 8 су шаруашылығы бассейні мен 77 су шаруашылығы учаскесі, 377 магистральды канал, 56 тоған, 297 су қоймасы және 548 бөгет цифрландырылып, енгізілетін болады.