ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен Нұрымбетов Сейілбек Серғазыұлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы болып тағайындалды

ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен Нұрымбетов Сейілбек Серғазыұлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы болып тағайындалды

1983 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының құрамындағы Мелиорация, су шаруашылығы және құрылыс институтын «Табиғат орналастыру және су пайдалану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2006 жылы Қызылорда облысының ауылшаруашылығы департаменті өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің мелиорация жөніндегі жетекші маманы болып бастаған.

2010 жылдан Қызылорда қаласындағы «Қызылорда су шаруашылығы» мекемесінің су пайдалану бөлімінің инженері қызметін атқарды.

2011 жылдың желтоқсан айынан Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілікті дамыту бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарды.

2012 жылы бас маман, 2013 жылы бөлім басшысы, 2018 жылы басқарма басшысының орынбасары болды.

2020 жылы Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы лауазымына тағайындалды.

2023 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

2023 жылдың желтоқсан айынан бүгінгі күнге дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру 2-фаза» жобасын басқару тобының координаторы қызметін атқарған.