
18.12.
АСТАНА
Нұржан Нұржігітов су тасқынын болжау және модельдеуге арналған Tasqyn.gov.kz, Talsim және Delft-FEWS жүйелерін көрді. Tasqyn.gov.kz жүйесі төтенше жағдайлардың алдын алуға және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін болжам жасауға мүмкіндік береді.
МАҢЫЗДЫ: Әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге су қоймаларындағы су көлемі, су жіберу және гидрометеоболжам секілді деректерді енгізеді. Жүйе жинақталған мәліметтер негізінде су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді.
19.12.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Жетісай қаласында өңірдің шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Биыл өңірде суару маусымы тұрақты өтіп, «Қазсушар» филиалы облыстың 274 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етті.
17.12.
АСТАНА
Биыл су саласының 500-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтарда біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға артық.
18.12.
АСТАНА
Биыл 470 мың гектарға жуық егіс алқабы су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып суарылды. Бұдан бөлек, 58 мың гектарға жуық жер лазерлік жоспарлаушы арқылы тегістелді.
ЕСКЕ САЛСАҚ: Су ресурстары және ирригация министрлігі «2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын» әзірлеген болатын. Жоспарда 39 іс-шара қарастырылған.
20.12.
ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ
Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалы инертті және құрылыс материалдарын тасуға арналған жүк көліктерін жаңартты. Арнайы техника гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау және жөндеу кезінде пайдаланылады, сондай-ақ, су тасқыны кезінде шұғыл іс-шараларды неғұрлым жылдам орындауға мүмкіндік береді.
18.12.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы бөгеттерге, су өткізетін құрылыстарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Шідерті лиманды суару жүйесінде төрт гидротехникалық құрылыстың бөгеттері жөнделіп, балшықтан, қамыс және бұталардан тазартылды.
17.12.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы «Алва» лиманды суару жүйесінің бөгеттерін жөндеу жұмыстарын аяқтады. Жүргізілген іс-шаралар нысанның қауіпсіздігін арттырады, сондай-ақ жоғары өнімділікті қамтамасыз ету үшін тасқын суын лиманды суару жүйесінде ұстап қалуға мүмкіндік береді.
20.12.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ
Биыл суару кезеңінде Жамбыл облысының 5 ауданына трансшекаралық Шу және Талас өзендері арқылы суармалы су берілді. Бұл Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандары.
АЙТА КЕТУ КЕРЕК: Биыл Талас өзені арқылы Қазақстанға болжанған 380 млн текше метр судың орнына іс жүзінде 418 млн текше метр су келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 94,2 млн текше метрге артық. Шу өзенімен бекітілген кестеге сәйкес 165,3 млн текше метр су алынды, бұл былтырмен салыстырғанда 29,7 млн текше метрге көп.