Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл облысындағы Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын 100% суға толтыруды жоспарлап отыр. Министрліктің аппарат жиналысында көктемгі су тасқыны және жазғы суару кезеңіне дайындық жұмыстары пысықталды.
Бүгінгі таңда Тасөткел су қоймасы 70,5%-ға толы. Бұл 353 млн текше метрге жуық су. Ал, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына 36 млн текше метрге жуық су жиналды.
Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы да белсенді су жинап жатыр. Соңғы 1 айда ғана мұнда 702 млн текше метр су келді. Қазір қойма 41%-ға жуық толы. Министрлік көктемге дейін су қоймасына 5 млрд текше метрден артық су жинауға ниетті.
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы 90%-ға жуық толы. Бұл шамамен 16,6 млрд текше метр су. Қараша-желтоқсан аралығында қоймаға 120 млн текше метр су келді.
«Министрлік келесі жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік облыстарын сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында көршілес мемлекеттермен белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Өткен аптада Бішкекте өткен Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің отырысында да бірқатар маңызды мәмілелер жасастық. Су дипломатиясының нәтижесінде биыл суару маусымында еліміздің шаруалары су тапшылығын сезінген жоқ»,- деді министр Нұржан Нұржігітов.