Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық Қайта Құру және Даму банкімен (ХҚҚДБ) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макронның қатысуымен Сауд Арабиясында өтіп жатқан One Water Summit халықаралық саммитінде құжатқа қол қойылды.
Меморандум су ресурстарын басқару, су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару, суарудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ су ресурстарын есепке алу мен мониторингін цифрландыру бойынша тәжірибе мен озық әдіс-тәсілдерді алмасуды көздейді. Тараптар су ресурстарын басқару және инженерия саласында білімді тереңдету үшін бірлескен тренингтер, семинарлар, жұмыс кездесулері мен конференциялар ұйымдастыратын болады.
Сондай-ақ, келісімде зерттеу, инновация мен технологиялар саласында да ынтымақтастық қарастырылған. Атап айтқанда, қашықтықтан зондтауды қолдана отырып дерек жинау бағытында серіктестік орнатылады.
«Меморандум экологиялық жағдайды жақсарту және су ресурстарын басқару, соның ішінде Солтүстік Арал теңізі бойынша да маңызды іс-шараларды іске асыруға бағытталған. Құжат ең алдымен, Арал теңізі бассейнінде және оған жақын аймақта өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлеуді көздейді. Аралды сақтау мәселесінде шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату маңызды рөл атқарады және министрлік бұл процеске халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарын белсенді түрде тартуда»,– деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.