Су – өмір, тіршілік нәрі. Бүгінгі таңда маңызды ресурсты сақтау әрі тиімді пайдалану – заман талабына айналып отыр

Су – өмір, тіршілік нәрі. Бүгінгі таңда маңызды ресурсты сақтау әрі тиімді пайдалану – заман талабына айналып отыр

2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Жаңа министрлік жасақталған күннен су үнемдеу саясатын қалыптастыруға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру жұмысын қолға алды.

Ең алдымен, жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді. Бұл ауқымды жаңашылдықтарды қамтитын маңызды құжат. Кодекстің жаңа редакциясында су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға, сондай-ақ еліміздің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін су пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және соны қолдауға үлкен көңіл бөлінеді.

Министрлік әзірлеген тағы бір маңызды құжат - Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Тұжырымдамаға сай министрлік 2030 жылға дейін қосымша 2,6 текше шақырым су жинай алатын жаңа 42 су қоймасын салуды, 3,7 текше шақырым су сақтайтын 37 су қоймасы мен 14 450 шақырым суару каналын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Осы арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын 25%-ға азайтуға, ал, суармалы жерлердің көлемін 400 мыңнан артық гектарға ұлғайтуға ниетті.