1. ЖАҢАДАРИЯ КАНАЛЫ, ҰЗЫНДЫҒЫ - 555,4 ШАҚЫРЫМ
Жаңадария каналы - Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қызылорда облысының егістік жерлерін, көкөніс-бақша дақылдарын, сондай-ақ табиғи жайылымдар мен жем-шөп алқаптарын суаруға арналған. Каналдың жалпы ұзындығы - 555,4 шақырым, оның 535,6 шақырымы табиғи су арнасы арқылы өтеді.
2. ЕРТІС — ҚАРАҒАНДЫ КАНАЛЫ, ҰЗЫНДЫҒЫ - 459 ШАҚЫРЫМ
«Ертіс – Қарағанды» - Орталық Қазақстанның өнеркәсіптік аудандары мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге арналған канал. Ұзындығы – 459 шақырым. Оның 272 шақырымы Павлодар облысы арқылы, 186 шақырымы Қарағанды облысының аумағынан өтеді. Ертіс өзенінің саласынан, Ақсу қаласынан жоғары орналасқан Белая өзенінен бастау алады. Каналдың негізгі құрылыстары: 22 сорғы станциясы, олардың көмегімен су 418 метрге, 14 су қоймасы мен 34 каналға көтеріледі. Бір сорғы станциясы секундына 18 текше метр немесе тәулігіне 1,5 млн текше метр су өткізе алады.
3. АРЫС - ТҮРКІСТАН КАНАЛЫ, ҰЗЫНДЫҒЫ – 196 ШАҚЫРЫМ
«Арыс – Түркістан» - Түркістан облысының аумағындағы суару каналы. Жалпы ұзындығы - шамамен 196 шақырым. «Қараспан» су қоймасынан «Бөген» су қоймасына дейінгі Арыс каналының ұзындығы – 51 шақырым. «Бөген» су қоймасынан басталатын Түркістан каналының ұзындығы шамамен 145 шақырым.
4. ҮЛКЕН АЛМАТЫ КАНАЛЫ, ҰЗЫНДЫҒЫ - 168 ШАҚЫРЫМ
Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы Іле өзенінің бассейнінде орналасқан. Канал суы егіс алқабын суару, ірі өнеркәсіптік, шағын шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктер үшін пайдаланылады. Гидротехникалық нысанды салу идеясы Дінмұхамед Қонаевқа тиесілі. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы жобаға рекордтық 270 млн рубль бөлу туралы шешімге қол жеткізеді. Жалпы ұзындығы - 168 шақырым. Канал Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары арқылы өтіп, Алматы қаласына жетеді.
5. ҚЫЗЫЛҚҰМ КАНАЛЫ, ҰЗЫНДЫҒЫ – 116,3 ШАҚЫРЫМ
Қызылқұм каналы — Түркістан облысындағы ирригациялық канал. Жалпы ұзындығы – 116,3 шақырым. Сырдария өзеніндегі Шардара су қоймасынан бастау алады және облыстың солтүстік аймағына су жеткізеді. Канал 74,3 мың гектардан астам егіс алқабын суаруға, сондай-ақ Шардара су қоймасының толып кету қаупі төнген кезде тасқын суын өткізу үшін пайдаланылады.