АПТАЛЫҚ ШОЛУ

АПТАЛЫҚ ШОЛУ

07.08.
ҚЫРҒЫЗСТАН
Қырғызстанда Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 34-ші отырысы өтті. МАҢЫЗДЫ: Тараптар су бөлу қондырғыларын автоматтандыру және Аспара өзені мен Чумыш гидроторабында бірлескен өлшеу жұмыстарын жүргізу, Талас өзеніндегі «Жасөркен» гидробекетінде гидрологиялық бақылауларды қалпына келтіру және басқа да мәселелерді талқылады.

09.08.
АСТАНА
Өзбекстан суару маусымының соңына дейін Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жібереді.
ЕСКЕ САЛСАҚ: 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберді. Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын.

08.08.
АСТАНА
Израиль Қазақстанда су қоймаларының құрылысына инвестиция салуға ниетті. Нұржан Нұржігітов Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамо бастаған жетекші израильдік компаниялардың консорциумымен кездесті.
МАҢЫЗДЫ: Тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тазарту және қайта пайдалану, ауыз судың сапасын бақылау, су ресурстарын бөлу мен есепке алуды автоматтандыру мәселелері бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

05.08.
АСТАНА
Жыл басынан 32 гидротехникалық құрылыс коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қайтарылды. Бұл 31 суару каналы мен 1 бөгет.
МАҢЫЗДЫ: Қазіргі уақытта еліміздің басқа өңірлеріндегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

05.08.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысында қайта жаңартылып жатқан Нұра топтық су құбырының 68,7 шақырым бөлігінің құрылысы аяқталды.
МАҢЫЗДЫ: Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша Ұзынкөл, Буревестник, Полтавское және Егіндікөл ауылдарын жаңа су торабына қосу жұмысы жүргізілуде. Осыған дейін топтық су құбырына Жантеке және Тоғанас ауылдары қосылған болатын.

06.08.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының көлдеріне 30 млн текше метрге жуық су жіберді.

07.08.
Жетісу облысы
Жетісу облысында 7 жаңа су қоймасы салынады.
АТАП АЙТҚАНДА: Ақсу ауданында Бүйен өзенінде 22 млн текше метр су жинай алатын қойма салу жоспарланып отыр. Ал, Ескелді ауданында қуаты 5 млн текше метр болатын «Балықты» су қоймасы салынады. Панфилов ауданында Қорғас, Өсек және Тышқан өзендерінде жалпы көлемі 35 млн текше метр болатын үш су қоймасын салу жоспарланып отыр. Алакөл ауданында Жаманты өзенінде 5 млн текше метр су жинайтын, ал, Көксу ауданындағы Быжы өзенінде жалпы көлемі 15 млн текше метр болатын су қоймасы салынады.

08.08.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Майбалық көліне 13,4 млн текше метр су жіберді.
МАҢЫЗДЫ: Бұл өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға тиімді әсер етеді. Көктемгі тасқын кезеңінде Майбалық көліне 8 млн текше метр су жіберілген болатын.

09.08.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Мойынқұм ауданындағы Фурманов су торабының гидротехникалық құрылыстарына жөндеу жүргізді.