01.08.
АЛМАТЫ
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматыда Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жобасының екінші кезеңіне дайындық бойынша кеңес өткізді.
МАҢЫЗДЫ: Жоба Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі ауқымды бастаманың жалғасы болып табылады. Бірінші кезең 2002-2010 жылдар аралығында іске асырылып, бүкіл Арал өңіріне оң әсерін тигізді. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.
29.07.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында 68 млн текше метр су жинайтын «Бәйдібек ата» су қоймасы салынып жатыр. Су қоймасы көктемгі тасқын суын жинап, суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша су жіберетін болады.
МАҢЫЗДЫ: Министрліктің Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Екі нысан «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді.
02.08.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл Мақтаарал ауданында 10 тік дренажды ұңғыманы қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Мақтаарал және Жетісай аудандарында 360 ұңғыма бар. Бүгінгі таңда олардың 320-сына реконструкция жасалып, іске қосылды.
МАҢЫЗДЫ: Тік дренажды ұңғымалар негізінен сор шаю мақсатында пайдаланылады. Яғни, жер астындағы тұзды суды сыртқа шығару арқылы топырақтың құнарлығын арттырады. Бұл өз кезегінде өнімділікті ұлғайтуға септігін тигізеді.
30.07.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
Жапондық мамандар Қазақстанның 4 облысында 13 гидротехникалық нысанды тексерді.
МАҢЫЗДЫ: JICA мамандары су тасқыны кезінде үлкен көлемде су қабылдаған Сілеті, Шағалалы, Астана, Шоқай, Самарқанд, Ынтымақ, Бітік, Дөңгелек, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары мен Астананың қорғаныс бөгеті мен Преображенский су торабына барды.
31.07.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы маусым-шілде аралығында Преображенск су торабынан Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіне 29,660 текше метр су жіберді. Бұл Нұра өзенінің гидрологиялық жағдайына тиімді әсер етіп, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының биоалуантүрлілігін сақтауға оң ықпал етеді.
31.07.
АСТАНА
Жыл басынан Су ресурстары және ирригация министрлігі шекаралас елдермен трансшекаралық су нысандарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шараға қатысты.