ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ЖАҢА НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗА ҚҰРУ

ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ЖАҢА НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗА ҚҰРУ

Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді. Бұл бірқатар ауқымды жаңашылдықтарды қамтитын және еліміздің су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретін іргелі құжат.

Жаңа Су кодексінде су ресурстарын тиімді пайдалануға, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізуге басымдық беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кодекс жобасына су тасқыны мен құрғақшылықты алдын ала болжау, жоспарлау және жедел ден қою іс-шараларын дайындау бойынша толықтырулар енгізілді.

Бұдан бөлек, ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына да өзгерістер енгізіледі. Су тасқынының алдын алу және одан келетін залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу қарастырылып отыр. Су тасқынын болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар күшейтілуде.

Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі. Жоспарда 44 жаңа су қоймасын салу, 76 гидротехникалық құрылысты, 5321 шақырымнан астам ирригациялық жүйені қайта жаңарту, сондай-ақ 3230 тік дренажды ұңғыма бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын әзірледі. Жол картасы су саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі іс-шараларды көздейді.