ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ

АЙТЫЛДЫ:

«Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр».

ОРЫНДАЛДЫ:

Шаруаларды суды үнемдеуге және оны тиімді пайдалануға ынталандыру үшін бірқатар іс-шаралар қабылданды. Атап айтқанда, ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80%-ға дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ал жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологияларын енгізу дәрежесіне қарай субсидия және су беру қызметтері үшін төмендетілген тарифтер түріндегі мемлекеттік қолдау іс-шаралары көзделген. Сондай-ақ, суармалы су тарифін өсірілетін дақылдардың түріне және олар тұтынатын су көлеміне қарай есептеу ұсынылып отыр.

Министрлік Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, бұл 362 мың гектар суармалы жердегі суды есепке алуды қамтамасыз етеді және жыл сайын 600 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, елдің оңтүстігінде су беру және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы жүзеге асырылуда. Ол Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 105,1 мың гектар жерді қамтиды. Жұмыс басталғаннан бері 74,5 мың гектар ауылшаруашылық алқаптарына су беру сапасы жақсарды. Ал суару желілеріндегі судың шығыны 193 миллион текше метрге дейін азайды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар жасалып, әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар берілді. Еліміздің аумағында суды тиімді пайдалану технологияларын қарқынды енгізу жоспарланып отыр.

2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту және осылайша жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарлануда.