30% СУДЫ ҮНЕМДЕУ: СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ АВСТРАЛИЯЛЫҚ КОМПАНИЯМЕН ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖЕЛІЛЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

30% СУДЫ ҮНЕМДЕУ: СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ АВСТРАЛИЯЛЫҚ КОМПАНИЯМЕН ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖЕЛІЛЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ирригациялық жүйелерді цифрландырумен айналысатын австралиялық Rubicon Water компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар Қызылорда облысында бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады.

 

Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жоба алдағы үш айдың ішінде дайын болады деп күтілуде. Ал осы аптада Rubicon Water сарапшылары қосымша гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізу үшін Қызылорда облысына келеді.

 

Компания өкілдері жоба суармалы суды 30% үнемдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал Қазақстанның жекелеген фермерлік шаруашылықтарында іске асырылған осындай жобалар өнімділікті екі есеге жуық арттыруға көмектескен.

 

Сонымен қатар, Rubicon Water өкілдері еліміздің басқа аймақтарындағы су арналарының жағдайын талдау және бағалау үшін Австралия мен Жаңа Зеландиядан сарапшыларды тартуға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, компания өз зауыттарының бірін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

 

Министр өз кезегінде қазіргі уақытта күш-жігерді бір өңірге шоғырландыру қажет екенін атап өтті.

 

«Оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен бір өңірде сумен қамтамасыз етуден бастап, суармалы алқаптарда суды пайдалануға дейін жобаны толық іске асыру қажет. Содан кейін басқа облыстарда қолға алу қажет. Қазір елдің оңтүстігінде судың дұрыс бөлінбеу мәселесі өте өзекті болып отыр.  Rubicon Water компаниясының Түркістан облысында да жобалары бар екенін білемін. Осы аптада мен аталған өңірге барып, жеке танысуды жоспарлап отырмын»,- деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

 

Тараптар Қызылорда облысындағы жобаның құнын, сондай-ақ ұсынылатын өнімді басқа өндірушілердің аналогтарымен техникалық-экономикалық салыстыруға қатысты техникалық мәселелерді талқылау үшін тағы да кездесуге келісті.