Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Қазсушар» РМК және «Қазгидромет» РМК өкілдері хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында орналасқан Шардара су қоймасына 2022 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін Тоқтоғұл су қоймасынан (Қырғызстан) су ағынының ұлғаюына байланысты көлемі артып, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырған болатын.
«МҮСШК (Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы) болжамды кестесі бойынша желтоқсан айында Шардара су қоймасына орта есеппен 880 м3/сек ағын күтілді, нақты ағын шамамен 1400 м3/сек немесе болжамды кестеден 520 м3/сек артық болды», - деп Су ресурстар комитетінің басқарма басшысы атап өтті.
2023 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша Шардара су қоймасының жобалық көлемнің 79% құрайды. Шардара су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 13 желтоқсаннан бастап одан су ағызу 500 - ден 700 м3/сек-ке дейін, 15 желтоқсаннан 800 м3/сек-ке дейін, 19 желтоқсаннан 900 м3/сек-ке дейін ұлғайтылды. 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап 1000 м3/сек көлемінде су ағызылады.
Сонымен қатар, Көксарай контррегуляторына су тарту жүзеге асырылуда, онда 775 млн.м3 астам су жинақталған.
Соңғы тәулікте Бахри-Точик су қоймасынан (Тәжікстан) су ағынының азаюына байланысты Шардара су қоймасына су ағыны азайды. Бүгінгі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Сонымен қатар, Шардара су қоймасынан ағызылатын суды қауіпсіз ағызу мақсатында министрлік іс-шаралар жоспарын әзірледі, Сырдария өзенінің қауіпті учаскелеріне тексеру жүргізуде және жалпы жағдай ерекше бақылауда.